Қазақстан • 01 Наурыз, 2019

Жыл сайын 1 наурызда  «Кемсітушілік жоқ» күні аталып өтіледі

726 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жыл сайын Біріккен Ұлттар Ұйымының АИТВ/ЖИТС жөніндегі Біріккен Бағдарламасы – ЮНЭЙДС бастамасы шеңберінде 1 наурызда  «Кемсітушілік жоқ» күні аталып өтіледі.  Бүгінде сол дәстүрмен «Кемсітушілік заңдарын өзгерту үшін әрекет ет» ұранының аясында 1 наурыз – «Кемсітушілік жоқ» күні аталып өтуде.

Жыл сайын 1 наурызда  «Кемсітушілік жоқ» күні аталып өтіледі

Биыл ЮНЭЙДС кемсітушілік заңдарын жою мақсатында әрекет етудің қажеттілігін аса ерекшелікпен айтуда. Кемсітушілікпен күресу – бұл АИТВ мен ЖИТС-тің алдын алуға байланысты тиімді профилактика мен медициналық күтімді іске асыру жолындағы үлкен тосқауыл. Кемсітушілікке душар болу қорқынышы адамдардың АИТВ-ахуалын жақсартып, оны ашық айтудан жасқандырады. Кемсітушілік жоқ күні кемсітушіліктің барлық түріне нүкте қою мақсатында ниеттестіктің жаһандық қозғалысын құруға барынша септігін тигізіп келеді.

АИТВ-мен өмір сүретін адамдарға (АӨА) қатысты стигматизациялау мен кемсітушілік айғақтарын жою өте қиын. Әлемде бұл проблемадан толығымен құтылған ел жоқ. Қазақстан Республикасы АИТВ-инфекциясына осалдылыққа әсер ететін және медициналық қызметтерге АӨА-дың қолжетімділігіне кедергі болатын факторларды жоюға арналған шараларды қабылдайды. Аурудың сипатына байланысты кемсітушіліктің қандай да бір түрін болдырмау туралы мемлекеттік кепілдемелері ҚР Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы Кодексінде және Конституцияда заңнамалық деңгейде бекітілген.

Елімізде АӨА-ға қатысты қоғамда төзімділікті қалыптастыруға бағытталған іс-шаралар үнемі жүргізіліп отырады. Былтыр 2018-2019 жылдарға арналған АӨА стигмасы мен кемсітушіліктерімен күресу жөніндегі Ұлттық жоспарға қол қойылды, Алматыда ЮНЕСКО кластерлік бюросы #АӨА стигмасы мен кемсітушіліктерін  төмендету бойынша ешкім де артық емес жобасын жүзеге асырды.

– Қазақстанда АИТВ-инфекциясын тиімді бақылауға арналған барлық алғышарттар мен әлеует бар. АИТВ таралуын тоқтату үшін ең алдымен медициналық мекемелерде кемсітушілікті толығымен жоюға ерекше мән беру керек. Бұл жағдай АИТВ-инфекциясы індетінің өсу қарқынын айтарлықтай қысқартуға септігін тигізеді, – деп есептейді ҚР ДСМ Қазақ дерматология және инфекциялық аурулар ғылыми орталығы директорының міндетін атқарушы Бауыржан Байсеркин.

Стигма мен кемсітушілікті жоюға барынша көңіл бөле отырып, біз АИТВ-мен өмір сүретін адамдардың мүмкіндігін арттырамыз, олардың ем ала отырып, өмір сүру сапасы мен ұзақтығын жақсартуға септігімізді тигіземіз. Кемсітушлікті жою негізінде халықты аурулар туралы, алдын алу шаралары мен берілу жолдары туралы ақпараттандыру жатады.

Айнаш ЕСАЛИ,

«Egemen Qazaqstan»

АЛМАТЫ